Алматы ұстаздары «Digital Ustaz Almaty» конкурсы аясында білім алуда
Отырыс барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пандемия кезінде білім берудің жаңа стандарттарға көшудің маңыздылығын айтты.
«Әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда цифрлық білім беру саласында педагогтердің тек 50%-ы базалық компьютерлік сауаттылықты пайдаланады. Ал мұғалімдердің тек 13%-ы цифрлық құзыретке ие. Сондықтан, оқу процесін заманауи, қолжетімді, ең бастысы балаларға түсінікті ету үшін республиканың барлық мектептерінде білім беруді трансформациялауға жол салатын алғашқы «Digital Ustaz Almaty» қалалық конкурсы ұйымдастырылған»,- деді әкім.
Айта кетейік, бүгінгі таңда тіркелген бір жарым мыңнан астам мектеп педагогтары «Digital Ustaz Almaty» бірінші қалалық конкурсының аясында халықаралық сарапшылардан білім алуда. «Digital Ustaz Almaty» шеңберінде педагогтар SMM және блогинг, цифрлық қауіпсіздік негіздерін, инфографиканы құруды үйренеді.
Жоба Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен, Алматы қаласы әкімдігінің, «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» ҚҚ, «EdCrunchAcademy» заманауи білім беру институтының ұйымдастыруымен өткізілген. Бас серіктес «Алматы кітап баспасы» болды.
Байқау кеңесінің құрамына Алматы қаласы әкімдігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, сондай-ақ еңбек сіңірген педагогтар мен білім беру мекемелерінің өкілдері кірді.