10:51, 28 Қазан 2009 | GMT +5
«Алматы» волейбол клубы әйелдер арасында ел кубогының жартылай финалында бақ сынауға мүмкіндік алды
АЛМАТЫ. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыда волейболдан әйелдер командалары арасындағы Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындары аяқталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазанның 20-сы күні Октябрь Жарылғапов атындағы спорт кешенінде жалауын көтерген бұл жарысқа 8 команда қатысқан болатын. Бірде-бір ұпай жоғалтпаған Алматы облысының «Жетісу» командасы 14 ұпай жинап бірінші орын алды. Олардан 1 ұпай кем жинаған алматылықтар екінші, 12 ұпаймен «Ертіс» (Павлодар) үшінші және 11 ұпаймен «Астана» (Астана) төртінші орын алды. Енді қазанның 31-і мен қарашаның 1-і аралығында «Темір дос» спорт кешенінде ел кубогының жартылай және ақтық финалдық ойындары өтеді. Онда алдымен «Жетісу» мен «Астана», «Алматы» мен «Ертіс» волейболшылары күш сынасады. Бұл сайыстың жеңімпаздары одан кейін өзара Қазақстан кубогын сарапқа салатын болады.