Алматы зертханалық қызметінен үлгі алуға болады – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров мегаполистегі зертханалар жұмысының нәтижелігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы зертханалық қызметінен үлгі алуға болады – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі

Елдегі төтенше жағдайға байланысты Денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың тапсырмасы бойынша бүкіл ел аумағында мониторингтік топтар жұмыс істейді.

Мониторингтің мақсаты – мемлекеттік бас санитарлық дәрігері тапсырмаларының медициналық ұйымдарда орындалуын бағалау және бақылау. Атап айтқанда, COVID-19 қарсы күрес бойынша алдын алу шараларын сақтауда қала ішіндегі науқастар легін бөлу алгоритмі; медициналық ұйым ішінде науқастар легін бөлу алгоритмі; жеке қорғану құралдарын пайдалану және оны жою ережесі, сондай-ақ маңызды шаралардың міндетті түрде орындалуын сақтау.

«Бүгінгі таңда ел аумағында 5-6 мыңға жуық тест жүргізіледі. Осы орайда Алматы қаласындағы зертханалық қызметтің жұмысын ерекше атап өткім келеді. Қазіргі таңда олардың қызметін үлгі тұтарлық десек болады. Алматыда мыңға жуық тесттер жүргізіледі. Бұл – зертхананың жұмысына және осы шараға қатысатын медицина қызметкерлеріне ауыр жүктеме», — деді Қ. Надыров.