Алматы Жаңа жылға дайындықты бастап кетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы Жаңа жыл мерекесіне дайындықты бастап кетті. Бұл туралы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ернар Құрмашев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы Жаңа жылға дайындықты бастап кетті

«Қазір жаңажылдық безендіруді қолға алдық. Бірыңғай брендбук әзірледік. Бұл - техникалық құжат. Оны безендірумен айналысатын компанияларға таратып береміз. Біз қаланың шалғай аудандарын да сәндейміз», - деді Ернар Құрмашев қоғамдық кеңестің отырысында.

Оның айтуынша, биыл мегополис көшелері арнайы дизайн бойынша әрленеді.

«Мерекелік алаңдарға келетін болсақ, мұнда полиорталықтандыру қарастырылған. 8 алаң болады. Барлығына жасыл шырша орнатамыз. Мерекелік шоу-бағдарламаны да ойластырып қойдық. Ең үлкен шыршаны «Астана» алаңына орнатамыз. Шыршаның шырағын жағу рәсімі 18 желтоқсанға жоспарланған», - дейді Алматы қалалық мәдениет басқармасының бастығы Ернар Құрмашев.