Алматы және Семей қалаларында ядролық орталықтар ашылады

СТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Алматы және Семей қалаларында ядролық орталықтар ашылады.

Алматы және Семей қалаларында ядролық орталықтар ашылады

Бұл туралы бүгін елордадағы Республикалық диагностикалық орталықта өткен «Қазақстандағы ядролық медицина - қазіргі жағдайы және перспективалық дамуы» атты республикалық конференция барысында ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Қайрат Кадыржанов айтты.

Оның сөзіне қарағанда, Астанада тұсауы бүгін кесілген орталықтан екі есе үлкен нысанды Семей қаласында салу жобалану үстінде. Сондай-ақ Алматы қаласында да ядролық медицина және биофизика орталығы құрылмақ. Аталған екі нысанда да Ұлттық ядролық орталықтың атом реакторының мүмкіншілігін пайдалану болжанып отыр. «Құрылғанына 50 жылға жуықтағанымен біз оны іс жүзінде жаңартамыз және таяу екі-үш жылдың ішінде нейтрон ағыны 2 есе ұлғаятын болады. Біздің көзқарасымызша, бұл реакторды жаңарту арқылы фармацевтикалық препараттар құру проблемасын түбегейлі шешеміз. 2011-2012 жылдарға қарай біз физиктердің жасағандарының арқасында фармацевтикалық препараттарды қолданудың мүмкінді 100 пайызын толығымен пайдаланамыз», деді ол өз сөзінде.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық ядролық орталығы Мемлекет басшысының 1992 жылғы мамырдың 15-індегі № 779 Жарлығымен бұрынғы Семей полигонының әскери-өнеркәсіп кешенінің, сондай-ақ республика аумағында орналасқан тиісті ғылыми ұйымдар мен нысандардың негізінде құрылды. Орталық қызметінің негізгі түрлері: Қазақстан аумағындағы ядролық қару сынақтарының салдарын жою, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін ғылыми-техникалық, технологиялық және кадрлар базасын құру, бұрынғы Семей сынақ полигонының әскери-өнеркәсіп кешенін конверсиялау және оның ғылыми-техникалық әлеуетін Қазақстан Республикасының мүддесіне пайдалану, әлемнің қолданыстағы полигондарындағы ядролық қару сынақтарын бақылау.