Алматы және Түркістан облысының мамандары туризм саласын дамытуда тәжірибе алмасады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Алматы және Түркістан облыстарының мамандары туризм саласын дамыту үшін тәжірибе алмасуда, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы және Түркістан облысының мамандары туризм саласын дамытуда тәжірибе алмасады

Осы мақсатта Алматы және Алматы облысының тәжірибелі мамандары Түркістанға келіп, қазіргі нарықтың жоғарғы сұранысына ие кәсіптерді дамытпақ.

«Біз Алматы қаласынан келдік. Пандемия кезінде ашылған болатынбыз. Медициналық маскалар тіктік. Енді киелі Түркістанда өз бизнесімізді ашсақ деген жоспарымыз бар. Түркістан туристік аймақ болғандықтан келуші саяхатшылар өте көп. Сол себепті ұлттық салт-дәстүрімізді айқындайтын шапандарды ұсынамыз. Қыздарға, аналарға қазақтың оюымен өрнектелген керемет шапандарды мысалы Керуен сарай орталығында дүкен ашып саудаласақ, өңірдің бюджетіне табыс түсіреміз деген ойдамыз»,- деді BYQAZAQ орталығының дизайнері Мерует Жексебаева.

Сондай-ақ Алматы облысының туризм саласын талай жыл басқарған, қазіргі таңда өңірдің туризм саласын дамытуда жұмыс істеп жүрген Жанар Алшымбаева форумда арнайы спикер ретінде қатысып, тәжірибесімен таныстырды.

«Туризмге бағытталған түрлі бағыт бойынша бизнес идеяларымызды ұсынудамыз. Оның ішінде глэмпинг, кемпинг термалды суларды емдік түрде қабылдау, сафариды дамыту сынды идеялар да бар. Мысалы, глемпинг қазір дамып келеді. Түрлі дизайнде шатырларды құрып, демалушыларға визит орталық ашу. Ең бастысы инвесторлар табылса болды. Біздің мамандар оны қалай дамытып, қалай жасау бойынша бағыт-бағдарын көрсетеді. Бұл жиынға Алматы облысындағы Ұйғыр ауданында ыстық су орталықтарын ашып отырған кәсіпкерлер де келіп, олар сол жақтағы бизнестерін осы Түркістанда да ашуды жоспарлап отыр. Ол жағы қаншалықты тиімді болады. Сол үшін мамандармен тәжірибе алмасуда»,- деді Жанар Алшымбаева.

Айта кетейік, жалпы киелі мекен Түркістанда соңғы жылда туризм саласы қарқынды дамуда.

Түркістан облыстық туризм басқармасының мәліметінше, 2020-2022 жылдары Түркістан облысындағы туризмге бағытталған инвестицияның қаражаты 281 млрд теңгеге жеткен.

Ал жалпы өңірге былтыр 368 мыңға жуық турист келген. Жалпы елімізде үкіметтің қолдауымен тузимді қарқынды дамытуға бағытталған жерлер бар. Оның ішінде Жетісу облысындағы Алакөл, тау кластері, Бурабай-Щучинск курорттық аймағы және Түркістан елді-мекені де бар.