Алматы жасөспірімдері «Жеткіншек күні» аясында алғаш рет әлеуметтік маңызы бар мамандық түрлерімен танысты
АЛМАТЫ. 8 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда "Болашақта кім болатынымды өзім шешемін!" атты ұранымен "Жеткіншек-2011" шарасы өтіп жатыр.
Қала әкімдігінің және Нестле компаниясының ұйымдастыруымен басталған акцияға қала жастары мен жасөспірім жеткіншектер арнайы шақырылған.
"Бұл шара осымен екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы акциямызды салауатты өмір салтын насихаттауға арнасақ, биыл біз жеткіншектерімізді кәсіби бағытқа еліктіру секілді маңызды мәселелердің бірін көтеріп отырмыз. 13-тен аса мамандық түрлерінің өкілдіктері тартылды. Бүгін мұнда келген әр бала өрт сөндіруші, полиция қызметкері, мұғалім, журналист, жедел-жәрдем дәрігері, құтқарушы, метеоролог, қоғамдық көлік жүргізушісі, аспазшы сынды әлеуметтік маңызы бар мамандықтардың жұмыстарымен танысып, сол қызметтегі кәсіби мамандардан шеберлік дәрістер ала алады және алаңға қойылған техника түрлерін - автобус, өрт сөндіру, жедел-жәрдем көліктерін көріп тамашалай алады. Бүгін алғаш рет алматылық жеткіншектер үшін әр түрлі мамандықты шынайы түрде сынап көру мүмкіндігі туып отыр", -дейді Алматы қаласы әкімдігінің Жастар саясаты басқармасының бастығы Бахтияр Макен. Оның айтуынша, шараның негізгі мақсаты - жеткіншектерге жол сілтеу, әр заманда қажетті болып табылатын әлеуметтік маңызы бар мамандықтарды насихаттауға үлес қосу болып табылады.
Акцияға төтенше жағдайлар қызметі де қатысуда. "Біз "Жеткіншек күнінен" құтқарушылар беделінің артуын күтеміз. Егер тіпті бір жеткіншек біздің кәсібімізге қызығатын болса, онда осының бәрін бекерге жасамаған боламыз",-деді Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Павел Мыскин.
Өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған "Жеткіншек күніне" 5 000 бала қатысса, биыл ұйымдастырушылар 10 000-ға жуық жеткіншектер тартылады деп күтуде.