Алматы жастары тәуелсіздіктің маңызын талқылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Qazaqstan Team» Республикалық қоғамдық жастар ұйымының белсенділері мен қала жастары «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбында панельдік талқылау өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы жастары тәуелсіздіктің маңызын талқылады

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өтіп жатқан шарада «Qazaqstan Team» Республикалық қоғамдық жастар ұйымының жетекшісі Олжас Сүлейменов жиынның мақсатын түсіндірді.
«Бүгінгі жиында әр салада жүрген білімді, білікті, көшбасшы жастардың «тәуелсіздік» ұғымын қалай түсінетіні, оны қалай қадірлеп, бағалайтыны, еліміздің болашағын баянды ету жолында жастардың қандай болуы қажеттігін талқылау үшін жастармен мотивациялық кездесу өткізуге арналып отыр», - деді.

Кездесуге шақырылған қонақтар - Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Құрылыс саласы одағының басқарма төрағасы, «ШЕБЕР» компаниялар тобының негізін қалаушы, кәсіпкер Ералы Сауранбаев, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі және білім беру мәселелері жөніндегі сарапшы Қайсар Тұрсынқожа, «Asar Ume» негізін қалаушы, «Қазақстанның лайықты азаматы» жобасының жеңімпазы Асхат Нұрмашев, актер, «Шекер» телехикаясының басты рөлді сомдаушы Азат Жұмаділ тәуелсіздік жайлы өз ойларымен бөлісті.


Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ералы Сауранбаевтың айтуынша, тәуелсіздік - еліміздің ең басты құндылығы. «Жастарға отансүйгіш, патриот болғаны жөн. Еліміздің тәуелсіздікте жеткен жетістіктерімен шектелмей, оны ары қарай да молайту жастардың қолында. Еліміз жақсы дамысын десек, біз алдымен өзімізді дамытуымыз керек. Өзіміз жақсы жаққа өзгеруіміз керек»,- деді ол. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі және білім беру мәселелері жөніндегі сарапшы Қайсар Тұрсынқожа ел ертеңі жастардың іскер, өз ойын еркін, ашық айтатын, қоғамның дамуына ой қосатын, бір-біріне қолдау көрсететін, қажет болса да биліктегі лауазымды тұлғаларға да ой сала алатындай білімді болғаны дұрыс. «Қазақстанның лайықты азаматы» жобасының жеңімпазы Асхат Нұрмашев біздің ата-бабалардың ел тәуелсіздігіне өте құштар болған. «Дәл осы тәуелсіз, еркін болу сезімі құл болған Бейбарысты Мысыр сұлтаны дәрежесіне дейін жеткізді. Бізге бүгінгі күні бас бостандық, еркіндігімізді қорғауға бір-бірімзге көмектескеніміз дұрыс. Бір-біріміздің пікірімзді сыйлағанымыз дұрыс. Ешкімнің ар-намысына тимеген дұрыс»,-деді ол. Жас актер Азат Жұмаділ өзімен құралпас бүгінгі жас буын өкілдері туралы ойын ортаға салды. «Біздің қазіргі жас буын өкілдері еркін ойлы, өз ойын ашық айта алады. Бірақ, қазіргі жастарға айтар кеңесім бар еді. Ол – өзі таңдаған саланы соңына дейін қуалап, соның шыңына шығып, жетістікке жетіп жатса, елдің дамуы да дұрыс болады деп ойлаймын. Қазіргі жастар еріншек болмаса екен деген тілегім бар»,- деді Азат.

Шара соңында жиынға қатысқан жастар қонақтарға саулдарын қойып, қажетті жауаптарын алды.