Алматы жатақханаларында 32 мың орын тапшы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мәслихат депутаттары және қоғам белсенділерімен бірлесіп студенттердің қоныстану орындарына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы жатақханаларында 32 мың орын тапшы

Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, Алматы қаласында 35 жоғары оқу орны бар, онда 197 мыңнан астам студент білім алады, оның 126 мыңнан астамы басқа қалалардан келген. Бүгінгі таңда, қалада 98 студенттік жатақхана бар, онда 31 мыңнан астам студент тұрады. Бұл ретте, төсек-орын тапшылығы 32 мың.

«Студенттердің жыл сайынғы толықтыруларын ескере отырып, біз қысқа және ұзақ мерзімді сипаттағы белгілі бір жүйелі шараларды дайындадық. Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын оңтайлы шешу үшін оқу жылының басында студенттерді орналастыру бойынша келесідей дайындық жұмыстары жүргізілді. Атап айтар, болсақ Алматы қаласы Туризм басқармасымен бірлесіп қонақүйлер мен жатақханалар дайындалды. Қонақүй бизнесінің нысандары студенттерді 10 мың төсек-орынға қоныстандырды, олардың кейбіреулері келешекте студенттік жатақханалар ретінде жаңғыртуды жоспарлап отыр», – дейді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.


Айтуынша, Ғылым және жоғары білім инистрлігімен бірлесіп Call-центр жұмыс істейтін Ахуалдық орталық құрылып, жұмысын жалғастыруда. Мәселен, қазірдің өзінде 4 мыңнан астам қоңырау түсті.

Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында жатақханаға орналасуға арналған онлайн-платформа бар - бұл студенттерге онлайн түрде жатақханадан орын алуға мүмкіндік беретін университеттің веб-сайты. Барлық университеттерде студенттер бірігіп, пәтер жалдай алатын онлайн чаттар құрылды.


«Бүгін біз сіздермен бірге 170 орындық HOUSE OF THE STUDENTS-ке бардық. Мұнда әлі де бос орындар бар. Сондай-ақ, Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті 118 төсек-орыны бар «Сарбаз» қонақүйімен бірігіп жұмыс істейді, болашақта бұл қонақүй студенттік жатақхана болып қайта құрылуды жоспарлап отыр», - Қайыржан Меңдіғалиев.

Сонымен қатар, ол жатақханалар салу кезінде жоғары оқу орындары мен инвесторларға қолдау көрсету үшін биыл наурыз айында Ғылым және жоғары Білім министрлігімен бірлесіп жобалық кеңсе құрылғанын атап өтті.


«Жобалық кеңсе іске қосылғаннан бері 107-ден астам әлеуетті инвестор өтінім берді, бұл қолдау тетігінің тартымдылығын көрсетеді. Жұмыста 47 жоба бар. Оның 2 нысаны ашылды. 15 қыркүйекке дейін тағы 900 төсек-орын ашуды жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін 3 939 төсек-орынға арналған 16 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда» – деп түсіндірді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы.

Бос жер учаскелерінің жетіспеушілігін ескере отырып, Алматы үшін қолда бар объектілерді жатақханаға қайта жаңарту мәселесі өзекті болып отыр. Бүгінде қайта құру кезінде мемлекет 8 жыл ішінде бір төсек-орынға жыл сайын 92 АЕК шамамен 317 мың теңге бөледі. Үкімет жалпы субсидиялауды 184 АЕК-ке дейін ұлғайту туралы ұсынысты қолдады. Бұл қадам мәселені шешуді тездетеді.


Естеріңізге сала кетейік, Ахуалдық орталықтар студенттерді ЖОО-ның жатақханаларындағы орындар туралы хабардар етеді, дағдарыстық орталықтар төтенше жағдайларда тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Ахуалдық орталықтың байланыс нөмірлері +7700 255 14 43, +7707 666 00 37.