Алматы жол полициясы адам қағып қашып кеткен жүргізушіні ұстады

АЛМАТЫ. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат - Істегенін мойнымен көтергісі келмеген «Айнабұлақ» мөлтекауданының 21 жасар тұрғыны өткен күндері түнгі сағат он бірлер шамасында Боралдай көшесімен кетіп бара жатып, 32 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тұрғынын қағып, оқиға орнынан із жасырып кеткен. Алған жарақаттарынан бұл азамат оқиға орнында жантәсілім еткен.
None
None

«Тәулік уақытының кештігіне де қарамастан, өздерінің азаматтық борышын жоғары санайтын куәгерлердің көмегі іздестіру жұмыстарына көп пайдасын тигізді. Олар оқиға орнына жедел жәрдем шақырып, автокөлік маркісі мен оның түсін айтып берді. Әрі қарайғы жұмыс криминалистердің еншісінде еді. Оқиға болған жерден табылған көліктің қосалқы бөлшектерінің сынықтарын мұқият тексеру арқылы адам қаққан 124-ші кузовты «Мерседес» автокөлігі екендігі анықталды», - деп мәлімдеді Алматы қалалық ІІД Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мұхтар Түсіпов, деп хабарлайды қалалық ІІД баспасөз қызметі.

Бүлінген автокөлік Логовая көшесіндегі қараусыз қалған жеке тұрғын үй ауласынан табылды. Көліктің алдындағы майысқан бөліктері мен сынған терезе әйнектері адам қаққан жол-көлік оқиғасының болғандығын аңғартқандай. Ал көлік иесі сәл кейінірек ұсталған болатын.

«Аталмыш көлік құралын К. Есімді азамат сенімхат арқылы меңгергені анықталды. Екі жылдық қана жүргізушілік тәжірибесі бар жас жүргізуші адам қаққаннан кейін қатты қорыққанын алға тартып отыр. Жәбірленушіге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетудің орнына, ол оқиға орнынан із жасырып үлгерген. Бұл мәселелердің барлығы да оның жауапкершіліксіз және жүргізушілік мәдениетінің жоқтығын көрсетіп отыр. Кім біледі, мүмкін, алғашқы дәрігерлік көмек дер кезінде көрсетілгенде жәбірленушінің өмірін сақтап қалуға болар ма еді?», - деп атап өтті полковник Түсіпов.

Қазіргі таңда темір тұлпар арнайы айыппұл тұрағына жеткізіліп, жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Соңғы жаңалықтар