Алматы жолдары жаңа технологиямен салынады – Ерболат Досаев
«Қабылданған жаңа бас жоспарды ескере отырып, қаланың көлік каркасын қалыптастыру жұмыстары белсенді жүруде. Үлкен Алматы айналма жолына алты радиалды жолды ұзарту жұмысы жүріп жатыр. Бүгінгі таңда Мөңке би көшесі бойынша қозғалыс ашық, Саин және Рысқұлов даңғылдары ұзартылады. Абай даңғылы, Солтүстік айналым және Тілендиев көшелері бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде», - деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, Үлкен Алматы айналма автожолын ашу мегаполистің жол жүктемесін орта есеппен 20%-ке азайтады.
Бұл Мемлекет басшысының үлкен жүк тасушы көліктерді қалаға кіргізбеу тапсырмасын орындауды қамтамасыз етеді.
«Әйтсе де, жол инфрақұрылымының негізгі проблемалары – жол төсемінің сапасы және жол люктерінің орнынан қозғалуы секілді ақаулар болып отыр. Бұл жолдарды жаңартуда жаңа тәсілдерді қажет етеді. 2022 жылы пилоттық режимде жолдардың сапасын жақсарту үшін асфальт-бетон қоспасына полимерлі қоспалар сынды жаңа материалдарды қолдандық. Олар ауыртпалыққа және климаттық жағдайларға төзімді. Биыл 6 шағынауданда 25 шақырым жаңа жол салуды және 200 шақырым орташа жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Онда 15 магистралдық жолдарда полимерлі қоспаларды пайдалануды жоспарлап отырмыз. Осы жұмыстар шеңберінде механикалық және температуралық жүктемелерге төтеп беретін 8 мың «жылжымалы» люктер орнатылады», - деп түсіндірді Е. Досаев.
Қала әкімі жаңа технологияларды қолдану орташа жөндеу жүргізу мерзімін 5 жылдан 10 жылға дейін ұзартатынын баса айтты.