Алматы жұртшылығы Қасым Жәкібаевты ақтық сапарға шығарып салды

МАТЫ. 10 тамыз. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматы жұртшылығы театр және кино актері, Қазақстанның халық әртісі Қасым Жәкібаевты ақтық сапарға шығарып салды.

Алматы жұртшылығы Қасым Жәкібаевты ақтық сапарға шығарып салды

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өнер тарланы 8 тамыз күні ауыр науқас салдарынан дүние салған болатын.

Қоштасу рәсімі өзі еңбек жолын бастап, ұзақ жылдар еңбек еткен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында өтті. Марқұммен қоштасуға өнерсүйер қауым, кино мен театрдағы әріптестері, туыстары жиналды. 82 жасында өмірден озған хас шебер өз ғұмырында 70-тен астам кино, 300-ге жуық театр кейіпкерінің рөлін сомдады.

«Жастарға үлгі бола білген, бетке ұстар, театрымыздың ақсақалы еді. Театрымыздың актерлері тағы бір әкелерін жоғалтты. Өзім үшін сондай ауыр жағдай. 15 жыл бойы қасында тәлім-тәрбиесін көрдік. Қазақ өнеріндегі орны, шоқтығы биік тұлға көрермен мен әріптестерінің көңілінде мәңгі қалары сөзсіз», - деді актер Жомарт Зейнәбіл.

Марқұмның денесі Кеңсай зиратына жерленді.