Алматы жұртшылығы көрнекті актриса Фарида Шәріпованы соңғы сапарға шығарып салды
КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, М. Әуезов атындағы академиялық драма-театрдың белгілі актрисасы Фарида Шәріпованы соңы сапарға шығарып салды.
«Бүгін қазақ өнерінің жарық жұлдызы сөнді. Шекараның арғы жағында 17 жасынан бастап киноға түсе бастаған Фарида апайымыз өмірінің соңына дейін өнер сахнасында аянбай еңбек етті», деді өз сөзінде ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамед. ОлФ.Шәріпова Қазақ театрында ерекше орын алатын актриса екендігін және жастарға нағыз өнердің жолын қалап бергендігін айта келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту хатын оқып берді.
Қоштасу рәсіміне актрисаның туған-туыстары, достары, сахналас әріптестері мен алыс-жақыннан оның өнеріне табынушы адамдар келді.
«Фарида апай ананың мейірін, ананың балаға, жарына деген қазақы махаббатын өзгеше жеткізе білген адам. Сахнада ойнағанда кейіпкердің жанын бар болмысымен түсініп, көрермен жүрегіне дәл жеткізе білетін актриса. Ол қандай рөл болмасын өзінің дарындылығымен және сахнадағы мол тәжірибесімен сәтті орындап шығатын», дейді М. Әуезов атындағы академиялық драма-театрдың әртісі Саят Мерекеұлы.
Ф.Шәріпова қазақстандық көрермендерге «Сүйікті менің әуенім» спектакліндегі Жәмила, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анадағы» Толғанай, М.Әуезовтың «Абайындағы» Ажар, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлудағы» Баян (Ғ.Мүсірепов), «Еңлік-Кебектегі» Еңлік, «Қаракөздегі» Қарагөз, Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен теріндегі» Ақбала рольдерімен танымал болды.