«Алматы Жылу» ҚКК холдингінің жаңа басшысы тағайындалды
АЛМАТЫ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматы қаласы әкімінің жарлығымен жақында құрылған қаланы жылуэнергиямен қамтамасыз ететін «Алматы Жылу» қалалық коммуналдық кәсіпорны холдингінің басшылығына Михаил Коржов тағайындалды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
М. Коржов бұған дейін қала әкімінің энергетикалық кешен, коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй мәселелерін дамыту жөніндегі Бас инспекторы қызметін атқарып келді.
«Алматы Жылу» ҚКК холдингінің құрамына «Алматы жылу желілері» ЖШС және «Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС компаниялары кіреді. Ондағы «Алматы жылу желілері» ЖШС жылу энергиясын беру мен тарату жұмыстарын атқарады. Ал «Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС бу мен ыстық су түріндегі жылу энергияларын өндіру, беру және тарату жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, оны қолданушыларға бақылау жасап отыратын болады.
Бүгінде холдинг алдына жылу шаруашылығын жеткілікті әрі ысырапсыз ету міндеттері қойылып отыр.
Қаланы жылумен бір ғана компания қамтамасыз ететін болғандықтан, оның тарифтері де бірдей болмақ. Бұған дейін жылуэнергия тарифтері әр компанияның талабына сай әр түрлі болып келген еді. Қазіргі уақытта қала басшылығы нақты бағаны белгілеп те қойды. Ол антимонополия агенттігінің бекітуінен кейін енгізілетін болады.
Қаланың барлық қазандықтары қазір түрлендіру қарсаңында тұр. Сонымен бірге, газ бен судың қолданылу мөлшерін есептеп отыратын, өндірілген жылудың анық әрі нақты көлемін беретін автоматты жылу есептегіш құрылғысы енгізілу үстінде.