Алматы зообағы жануарларды келушілерден қорғауға кірісті

Мекеменің баспасөз қызметі хабарлағандай, келушілердің ішінде жануарларға зиян келтіретіндері де кездеседі.«Өткенде бір ер адам гималай аюына тас лақтырған. Осылай ол аюдың назарын аударуға тырысқан. Жануарларға жеуге болайтын өнімдер беретіндер бар. Келушілердің үлкен де, кішісі де оларға попкорн, жүгері, чипсы, кәмпит, алма беруге құмар. Олар кеткен соң қызметкерлер тордың ішінен түрлі қоқыс шығарады», - деді баспасөз қызметінен.
Мамандардың айтуынша, осындай келушілердің әрекетінен қорғау үшін енді қоңыр аюлардың вольері әйнек жабындымен қоршалатын болады.
«Құрылыс жұмыстары бүгін-ертең басталғалы отыр. Материалдар түгел әкелінді. Сонымен қатар, амур жолбарыстарына да жаңа жай салынады. Осындай жұмыстардың арқасында жануарлардың қауіпсіздігін арттыра түсеміз», - деді баспасөз қызметінен.
Зообақ мамандарының айтуынша, келушілердің көп болуына байланысты олардың бәрін тексеру мүмкін емес. Алайда, мас күйінде келген адамдар кіргізілмейді.
Айта кету керек, зообақ директоры Ержан Еркінбаев Инстаграмда жасы үлкен ер адамның қара аюға тас лақтырғанын жазған болатын.
Жазба ғаламтор қолданушылары арасында үлкен наразылық тудырды. Пікір білдірушілердің бірі «үлкен кісіні вольерге аюмен бірге қамап қою керек» десе, кейбіреулер айыппұл салуды ұсынды.
Ал зообақ басшылығы ол кісіні жазалауға қатысты ешқандай пікір білдірмеді.
Осыған ұқсас жағдай 2015 жылы болған еді. Екі бозбала пневматикалық қарудан үйректерді атып жатқан жерінен ұсталды.
Сондай-ақ, осыдан бірнеше жыл бұрын өлген қолтырауынның ішінен ветеринарлар пластик құтылар, кәмпит, қағаз тауып алған. «Оның өліміне осы себеп болуы да ғажап емес», дейді мамандар.