Алматы зообағына келушілер қара теңбілшерді көре алады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы зообағына келушілер бұдан былай қара теңбілшерді көре алады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне аталмыш хайуанаттар бағының баспасөз хатшысы Михаил Сорокоумов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Васек деген лақап атқа ие бұл жыртқыш аң, оңтүстік астанаға өткен жылдың қазан айында Новосібір қаласынан жеткізілген екен. Содан бері оны қызметкерлерден басқа ешкім көрмеген.
«Васек жол жүру барысында күйзеліске ұшырады. Кейін ережеге сәйкес карантиннен өткізілді. Енді міне ауа-райы жылыған соң, қара теңбілшер ашық вольерге шығарылды», - деді М. Сорокумов.
Айта кетелік, осымен Алматы зообағындағы теңбілшерлердің саны үшке жетті. Васек және кәдімгі шұбар түсті екі ұрғашы теңбілшер.
Теңбілшер, яғни ягуар - мысық тұқымдастар ішіндегі ірі жануарлар, яғни пантера түріне жататын сүт қоректі жыртқыш аң. Денесінің ірілігі жөнінен арыстан, жолбарыс және леопардтан кейін төртінші орынға ие. Гуарани тілінде ягуар «бір секіргеннен өлтіретін жыртқыш» деген мағынаны білдіреді.
Сонымен қатар, ол басқа жыртқыштарға қарағанда жемтігінің көзіне тесіле қарап, оны есінен тандыра алатын ерекше қасиетке де ие.