Алматы зообағында халықаралық Достық күні атап өтіліп жатыр (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматының хайуанаттар бағында халықаралық Достық күні атап өтіліп жатыр.
Зообақ қызметкерлерінің айтуынша, достық адамдарға ғана емес, жануарларға да қажет дүние.
«Зообақ қызметкерлері өздеріне қарасты құстар мен жануарларды ерекше күтімге алған. Олардың арасында нағыз достық қарым-қатынас орнаған деуге болады. Ал бүгінгі күні қызметкерлеріміз өз жауапкершілігіндегі зообақ мекендеушілерін сылап-сипап, оларға ерекше дәмді қоректер бере алады. Шыны керек, кейбір қызметкерлердің кейбір мекендеушілермен арадағы достығына қарап, таң қаласың. Мысалы, экзотариум меңгерушісі Александр Гурнев әлемдегі ең улы жыландардың бірі - үнділік кең алқымды әбжылан - Катямен дос. Александра Пылайкина лақап аты Жорик деп аталатын какадуды ерекше жақсы көреді. Какаду - тоты құстардың бір түрі. Демек, достық адамдарға ғана емес, жануарларға да керек», - делінген зообақтың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетелік, Халықаралық Достық күнін БҰҰ Бас Ассамблеясы 2011 жылы бекіткен. Содан бері 30 шілде күні барлық елдерде бұл күн ерекше атап өтіледі. Бұл күнді атап өтудегі басты мақсат - әр түрлі ұлт өкілдері арасында достық қарым-қатынас орнату.