Алматы зообағында кішкентай керік өмірге келді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының хайуанаттар бағында Сұлу атты ұрғашы керік төлдеді. Бұл туралы бүгін зообақтан хабарлады.
Кішкентай керік таяуда ғана туылған. Бұл Сұлу атты ұрғашы керіктің осымен алтыншы төлі. Зообақ қызметкерлері ырымшылдықпен кішкентай керікті әлі ешкімге көрсетпеген.
«Біздің сенім бойынша, жаңа туған төл мықты болып өсуі үшін, оны белгілі бір мерзімге дейін ешкімнің көзіне көрсетпейміз және ол туралы ешкімге тіс жарып айтпаймыз. Бір-екі ай өткен соң оған жаңа есім береміз. Содан кейін барып қана көпшілікке көрсетеміз, - деді зообақтың баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі таңда зообақта 12 керік өмір сүреді.
Айта кетелік, керік - құрлықтағы ең биік жануар. Ұрғашы керіктер жалқы төл туады. Керіктер тұрған күйі төлдейтін болғандықтан, бұзауы 2 метр биіктіктен құлап туады. Әдетте жаңа туған төлдің бойы - 1,8 метр, ал салмағы - 50 келіден жоғары болады. Енесі оны 6 айдай емізеді.