Алматы зообағында пілдер қалай өмір сүріп жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Пілдердің көзінен жас ағып, терлеген кезде ашулы болады. Тіпті, айналасындағыларға қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы Алматы хайуанаттар бағының өкілдері айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінде Алматы хайуанаттар бағында Аружан және Лао атты екі піл тұрады. Екеуі де Лаостан 2000 жылы келген. Лао, 27 жаста. Оның жұбы Ару одан екі жас кіші.
«Лао – жасы үлкен піл болғандықтан кейде оның көзі мен құлағының тұсынан ащщы тер сияқты сұйықтық ағатын кездері болады. Бұл жағдай «муст» деп аталады. Сырттан қараған адамға пілдің көздерінен жас ағып, жылап тұрғандай көрінеді. Мұндай кезде пілдер ашулы, ызалы болып, айналасына қауіп төндіруі мүмкін. Оңтүстік Азия елдерінде қолға ұстайтын пілдерді «муст» кезінде шынжырлап, бағанға байлап қояды. Бірақ біз бұлай істемейміз. Бұл жағдайда біз пілдерді бір бірінен бөлек қоршауда ұстаймыз. Бұл ең алдымен қауіпсіздік үшін, Лао агрессия кезінде Аруды жарақаттап алмауы үшін жасалады»,- дейді зообақ мамандары.
Айтуларынша, «Муст» кезеңі Лаода жылына 3-4 рет болады және 1 айдан 3 айға дейін созылады.
Пілдерге берілетін су техникалық аумақта, үлкен бөшкеде болады. Ол жерге келушілер кіре алмайды. Бірақ пілдер қалаған кездерінде бөшкедегі суды ішіп, шөлін қандыра алады. Ыдыстағы су үнемі ауысытырылып, таза, салқын су құйылып тұрады.
Хайуанаттар бағында пілді тамақтандыру күніне шамамен бес-алты рет жүзеге асырылады. Алматы зоологиялық паркіндегі сүтқоректілердің күнделікті рационы келесі негізгі өнімдермен ұсынылған:
Әр пілге күніне 100 келіден аса қорек беріледі. Сұлы жармасы – 4 кг, сұлы – 1 кг,бидай – 1,5 кг, қара бидай наны – 4, кг (5-6 бөлке), ақ нан – 1 кг (2 бөлке), сәбіз – 17 кг, қызылша – 11 кг, картоп – 11 кг, қырыққабат – 5 кг, түрлі жемістер – 3 кг, ағаш, өсімдік сабақтары – 30 кг, шабылған шөп – 15 кг, жасыл шөп – 15 кг, тұз – 0,03 кг, бор – 0,03 кг және басқа да көптеген азық-түлік беріледі.
«Зообағымыздағы пілдер тұратын сарай 1962 жылы салынған. Биыл, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен біз пілдерге, сусиырлар мен керіктерге, зебра, антилопаларға арналған «Африка саваннасы» кешенін салатын болдық. Жобалау сметалық құжаттау жұмыстары аяқталысымен, жаңа кешен құрылысын бастайтын боламыз. Алдағы уақытта бұл кешенде пілдерімізде және басқа да жануарларымызға ерекше жағдай жасалатын болады»,- деп атап өтті зообақтан.