Алматы зообағындағы өрт сөндірілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы зообағындағы өртенген пішен сөндірілді. Бұл туралы жаңа ғана Алматы қалалық ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова хабарлады.
«Алматы зообағында пішеннің өртенгені туралы хабар Алматы қалалық ТЖД «101» кезекші бөлімінде бүгін кешке 20 сағат 04 минутта тіркелді. Алғашқы өрт сөндірпушілер тобы Медеу ауданы, Есенберлин көшесі 166 мекенжайында орналасқан «Алматы хайуанаттар бағы» мемлекеттік кәсіпорнына 20 сағат 13 минутта келіп жетті. Белгілі болғанындай, қорадағы пішен өртеніп жатты. Өрттің жақын маңда орналасқан тұрғын үйге өту қаупі туындады. Алайда өрт сөндірушілер дер кезінде әрекет жасап, өртті 20 сағат 35 минутта ауыздықтап, 21 сағат 02 минутта сөндірді», - деді С. Баймұхамбетова.
Айта кетелік, өрттің аумағы 80 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ.