Алматыда 1-11 сынып оқушылары оқу жылы аяқталғанша қашықтан оқиды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов онлайн брифинг барысында IV тоқсандағы оқыту форматы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Спикер атап өткендей, Алматы қаласы қазіргі уақытта «қызыл» аймақта және эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады.

«Осыған байланысты, коронавирус инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы жағдайында мектептердің оңтайлы жұмыс режимін қамтамасыз ету үшін Алматы қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен 2020-2021 оқу жылының соңына дейін жалпы білім беретін мектептердің 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушыларын қашықтан оқыту форматына көшіру шешімін қабылдады. Сондай-ақ ата-анасының өтініші бойынша балалар саны 15 адамға дейін 1-ден 5-сыныпқа дейінгі, 9 және 11 (12) сынып оқушыларына кезекші сыныпта оқуға рұқсат беру туралы шешім шығарылды», - деді қалалық білім басқармасының өкілі.

Бүгінгі таңда қаладағы барлық мектеп санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін дезинфекциялаушы құралдармен 100% қамтамасыз етілген.

Білім ұйымдарының бірінші сыныбына келетін балалардың ата-аналарынан немесе өзге де заңды өкілдерінен құжаттарды қабылдау 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында жүргізіледі.

Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін келесі құжаттар қажет:

1) ата-анасының немесе баланың басқа заңды өкілдерінің өтініші

2) баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі

3) 3х4 см өлшемді баланың фотосуреті, екі дана

4) денсаулық жағдайы туралы анықтама (№ 063 / у, және 026 / у-3 формалары).

Қалада жалпы контингенті 287 мыңнан астам оқушыны құрайтын 278 мектеп бар, оның 207-сі мемлекеттік, ал 71-і - жекеменшік мектеп.


Соңғы жаңалықтар