Алматыда 1-2 наурызда Ө.Жолдасбековтың 80 жылдық мерейтойына орай І халықаралық Жолдасбеков симпозиумы өтеді
АЛМАТЫ. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ағымдағы жылдың 1-2 наурызында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде академик Өмірбек Жолдасбековтың 80 жылдығына орай І халықаралық Жолдасбеков симпозиумы өтеді.
Симпозиумның ұйымдастырушылары - ҚР Білім және ғылым министрі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Ұлттық инженерлік академиясы.
Симпозиум жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, министрліктің өкілдері, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, ЖОО ректорлары қатысады. Олардың көпшілігі әр жылдардағы ұлттық университет түлектері. Симпозиумға Ресей, Италия, Германия, АҚШ, Жапония, Үндістан, Украина, Қырғызстан, Беларус және Өзбекстаннан ғалымдар шақырылған.
Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың айтуынша, симпозиум бағдарламасына университет алаңынан көрнекті ғалым, академик, қоғам және мемлекет қайраткері Ө.Жолдасбековке арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы енгізілген. Сонымен қатар, секция мәжілістерінде ғалымдар Ө.А.Жолдасбековтің ғылыми мұраларын талқылайды.
Аталған шара аясында оқушылар арасында ҚазҰУ мен «Дарын» орталығының ұйтқы болуымен ғылыми байқау өтеді. Сондай-ақ Ө.Жолдасбеков еңбектері жинағының және академик туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтеді.
Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков М.Ломоносов атындағы ММУ механика-математика факультетінің түлегі. Еңбек жолын Шымкент технологиялық университетінде оқытушылық қызметтен бастады. Мәскеуден аспирантураны тәмамдағаннан кейін ғылыми дәреже алды. Көп жылдар бойы Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнын басқарды. Жоғары білікті кадрлар мен ғылыми мамандар дайындауда, инфрақұрылымды және университеттің материалды-техникалық базасын дамытуда елеулі жұмыстар атқарды. ҚР Мәжіліс депутаты, халық таңдаулысы болған уақытта білім және ғылым жүйесінде мәселелерді шешуге белсенді үлес қосты.
Ө.Жолдасбеков қазақстандық механикалық робот құрастыру, машина және машина жасау мектебін қалыптастырушы. Ол 400-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Оның 70-і шет тілдеріне аударылып басылған.