11:47, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда 1 мыңнан астам қоғамдық көлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды
АЛМАТЫ. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда «Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері қоғамдық көлікті жүргізетін 1 мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылды.
Солардың ішінде 171 жүргізушінің техникалық жағдайы талапқа сай келмейтін көлікті басқарғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Бұған дейін де хабарланғандай, аталмыш операция ақпанның 10-ы күні басталған болатын. Іс-шараның мақсаты жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөліктердегі апаттардың, қала көшелеріндегі жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азайту, автобус жүргізушілерінің тәртіп сақтауын қадағалау және жол қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.«Бұл шараға Алматы ІІД Жол полиция басқармасының барлық қызметтері тартылды. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің жолаушылар тасымалдарын ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртіптерін реттейтін нормативті құқықтық актілердің талаптарын орындамауы, автобус жүргізушілерінің біліктілігінің төмендігі, еңбек және демалыс режимінің бұзылуы аталған іс-шараны ұйымдастыруға басты себеп болып отыр. Ең басты мәселе ? жүргізушілер дайындығының жеткіліксіздігі болып отыр. Қайғылы оқиғаға ұшыраған көлік жүргізушілерінің арасынан көршілес мемлекеттердің өкілдері жиі кездеседі», дейді қалалық жол полиция басқармасының бастығы, подполковник Александр Васильев.Осы іс-шара барысында автобустардың техникалық жағдайы мен балаларды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің жол ережелерін сақтауына ерекше көңіл бөлінді. Жол полициясының патрульді экипажы жол-көлік ережелерін бұзу деректерін анықтау бойынша алдын алу рейдтерін ұйымдастырды.«Бүгінгі таңда Алматы қаласында 12 мыңнан астам автобус тіркелген, олардың басым бөлігі қозғалыс барысында жол ережелерін жиі бұзады. Түске дейінгі мезгілдің өзінде жол полиция қызметкерлері алкогольдік ішімдік ішіп алып жолаушылар тасыған екі жүргізуші қолға түсірді», дейді А. Васильев.Акция аясында бұдан басқа бес автокәсіпорын тексерілді. Нәтижесінде 5 жауапты тұлға адам тасымалдауға техникалық жағдайы төмен автобустарды қолданғаны үшін жауапқа тартылатын болды. Сондай-ақ жол ережесіне бағынбаған 10 көлік айып тұрағына қойылды.