Алматыда 10 мың бала аттракциондарды тегін пайдаланды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Осы жазда тұрмысы төмен отбасынан шыққан 10 мыңға жуық бала Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы аттракциондарды тегін пайдаланды, деп хабаралайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шілде айында әкімдік ұсынысын саябақ әкімшілігі қолдап, саябақта аттракциондарға тегін карточкалар беру туралы шешім қабылданды.
«Акция басталғаннан бері карточкаларды 6 жастан 14 жасқа дейінгі балалар пайдаланды. Олардың ішіндегі ең танымал аттракциондар «Цепочка», «Колесо обозрения», «Орбита» және «Веселые горки» болды»,- деп хабарлады әкімдіктен.
Бұдан бөлек, бір ай бойы балаларға саябақта балмұздақ тегін таратылды.
«Сонымен қатар, футбол, баскетбол алаңы, скейт-парк, роллердром, үстел теннисі және воркаут алаңдары да тегін болды. Балалар үшін әр сенбі және жексенбі күндері балалар қалашығының сахнасында екі сағаттық шоу-бағдарламалар көрсетіледі. Саябақ әкімшілігі барлық іс-шараларды өткізуге кететін шығындарды өздері көтерді»,- деп атап өтті әкімдік өкілдері.
Бұл акция осы жылдың тамыз айының соңына дейін өтеді.
Карточкаларды алу үшін «Алтын Тараз» ЖШС кеңсесіне Гоголь көшесі, 1 мекенжай бойынша (ОМДС аумағында) хабарласу қажет. Өзімен бірге баланың туу туралы куәлігі (көшірмесі немесе электронды түрде) болуы міндетті. Анықтама телефоны: +7 (705) 892-75-24.