Алматыда 10 мыңға жуық бала оңалтудан өтті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда балаларды тәулік бойы оңалтудан өткізетін 8 медициналық ұйым бар. Екі кезеңді оңалту - нейрохирургиялық, неврологиялық, кардиологиялық және травматологиялық бейіндер бойынша №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының базасында, сонымен қатар, екі бағыт: нейрохирургиялық және травматологиялық бағыттар бойынша жүргізіледі. 3 кезеңді оңалту бес мемлекеттік балаларды оңалту орталығында және бір жекеменшік орталықта жүргізіледі. Бұл туралы Алматы әкімдігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оңалту орталықтарында балалармен көпсалалы топ жұмыс істейді, оның құрамында реабилитолог, жаттығу терапиясының нұсқаушысы немесе кинезитерапия маманы, кәсіби терапевт, массаж терапевті, психолог, психотерапевт, логопед және т.б. әртүрлі мамандар бар.
Әр балаға жеке оңалту жоспары жасалады. Бұған қоса, бейімделген бағдарлама бойынша мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың таным кеңейту, есте сақтау мен ойлауды дамыту, сонымен бірге адамгершілік тәрбие беру мақсатында сабақтар топпен өткізіледі. Бұл жағдайда балалардағы психо-педагогикалық патологиялар ескеріледі.«2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыда тәулік бойы оңалту орталықтары мен стационарларда 5 626 бала оңалтудан өтеді, оның 606-ы мүмкіндігі шектеулі. Бұдан басқа, мемлекеттік тапсырыс аясында балаларға оңалту көмегі қала емханаларында да көрсетіледі. Амбулаториялық деңгейде және күндізгі стационарларда 4 131 бала оңалтудан өтті»,- деді штаттан тыс бас балалар реабилитологы Эльвира Роот.
Дәрігердің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының немесе ресми өкілдерінің ортақ жауапкершілігін дамыту үшін медицина қызметкерлері тұрақты негізде тренингтер, семинарлар өткізеді.
«Әрі ата-аналармен бірге балаларды оңалту жаттығуларын үйрету сабақтары үнемі өткізіліп тұрады, осылайша олар үйде де сабақтарын жалғастыра алады. Балалардың қасында үнемі жүретін жандар да барлық мамандықты үйренеді. Ал ата-аналарға тренингті психологтар өткізеді»,- деп атап өтті маман.