Алматыда «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында тағы бір мектеп ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұрын бұл жерде 430 орынды орыс тілінде оқытатын ескі мектеп болған. 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп, Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынып отыр. Қазақ, орыс тілінде қатар білім беретін бұл мектеп соңғы үлгідегі талаптарға сай жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мемлекетіміздің болашағы, жастарға жақсы тәлім- тәрбие, сапалы білім беруге бар жағдай жасалған. Ендігі кезекте, құрметті оқытушылар, дені сау, терең ойлай білетін жастарды тәрбиелеп шығару сіздердің міндеттеріңіз», деді қала әкімі.
Сондай-ақ А.Есімов мектепті аралап, ондағы спорт залды, асхананы, кіші театр мен мультимедиялық орталықты және соңғы үлгідегі интерактивті тақтамен жабдықталған математика, физика, химия сыныптарын қарап шықты. Мектепте жалпы 35 интерактивті тақта қойылған.
Қазіргі уақытта мектепте 710 оқушы білім алып жатыр және 50 мұғалім жұмыс істеуде. Бұл осы аудандағы ең соңғы үлгіде салынған алғашқы білім орыны. Оны салуға мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард 648 миллион теңге бөлінген.