Алматыда 100-ші жеке атқыштар бригадасы туралы кітаптың тұсауы кесілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Найля Такижбаеваның «100-ші жеке атқыштар бригадасы» атты кітабының тұсауы кесілді. Автордың айтуынша, 100-ші жеке атқыштар бригадасы 1941 жылы желтоқсан айында Алматы қаласында құрылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 100-ші жеке атқыштар бригадасы туралы кітаптың тұсауы кесілді
«Бұл әскери құрама екінші Ржев-Сычев, Великолук, Невель шабуыл операцияларына қатысқан. Бригаданы «қазақ бригадасы» деп атаған. Себебі, оның құрамында 86% қазақтар, 11% орыстар және 3% басқа ұлттар болған. Ржев-Сычев операциясы («Марс» операциясы) басталғанға дейін бригаданың жеке құрамында 4 770 адам болса, операция аяқталған тұста 1 994 адам ғана қалған. Бүгінде Ресейдің Ржев қаласында №5 мектеп бар. Ол 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасы жауынгерлерінің есімімен аталады. Айта кетейін, егер 100-ші жеке атқыштар бригадасы Алматыда құрылса, 101-ші бригада Ақтөбе қаласында құрылған»

, - деді Найля Такижбаева.

Ғалым кітап жазу барысында әскери қолбасшылардың мақалалары мен мемуарларын, Ресейдің Қорғаныс министрлігінің сайтын пайдаланып, Ресей мен Қазақстан мұрағаттарына барған. Сондай-ақ, мұрағат материалдарынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі мен ағасына қатысты тың деректер тапқанын айтты.

«Президенттің әкесінің ағасы Қасым Болтаев майданда политжетекші болған. 22 жасында бірінші Ржев-Сычев операциясында қаза тапқан. 2009 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев ағасының қайда жерленгенін анықтады. Президенттің әкесі Кемел Тоқаев та майданға қатыстқан. Ол үлкен ағасының құрметіне ұлына «Қасым» есімін берсе, анасы оған «Жомарт» деген есімді қосады. Кемел Тоқаевтың өмірбаянын оқи отырып, оның 1942 жылы ақпан айында майданға аттанғанын, танк десантындағы автоматшылардың командирі болғанын білдім», - деді тарихшы.

Айта кетейік, кітаптың тұсау кесер рәсімі Достық үйінде өткен болатын. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жазушылар, қала тұрғындары және оқушылар қатысты.

Жиын барысында Алматы қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Құрманғалиев, қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Парасат» орденінің және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Осман, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шахисмаил Асиев сөз алып, жиналған қауымды келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, ақ жарма тілектерін жеткізді.

Еске салсақ, жуырда шыққан жаңа басылымдардың бірі – «Роза Бағланова» кітап-альбомы.