Алматыда 11 медициналық мекеме қалыпты жұмыс режиміне ауысты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 11 медициналық мекеме қалыпты жұмыс режиміне ауысты. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 11 медициналық мекеме қалыпты жұмыс режиміне ауысты

Оның айтуынша, Бұқар Жырау қалалық балалар клиникалық ауруханасы, Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы, Халық Арена ЦФ, психикалық денсаулық орталығы, темір жол ауруханасы, Отан соғысы мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь, ХБО, №1 перзентхана, қалалық кардиологиялық орталық, №1 қалалық клиникалық аурухана, Қорғаныс министрлігінің госпиталі қалыпты режимге ауысты.

«14 маусымнан бастап Орталық қалалық клиникалық аурухананың ковидтік стационарларын, қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының Байзақов көшесіндегі филиалын жабу жоспарлануда. Бұл стационарлар қалыпты жұмыс режиміне көшетін болады», - деді Нариман Табынбаев.

Сонымен қатар, ол барлық емханалар мен ауруханаларға дезинфекция жүргізілетінін атап өтті.

«Қазіргі кезде инфекциялық стационарларда 1258 адам ем алуда. Қалада барлығы 3640 төсек-орын бар. Қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақтанса, ковидті науқастарды Дегдар қалалық клиникалық жұқпалы ауруханасына, Саялы мен Теректі шағын аудандарындағы модульді стационарларға жатқызу жоспарда», - деді ол