Алматыда 110 соғыс ардагеріне мерейтойлық медальдар табысталды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Алмалы ауданы әкімдігі осы ауданда тұратын 110 ардагерге «1941- 1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 65 жыл» атты мерейтойлық медальдарды салтанатты түрде табыстады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Салтанатты шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Манапхан Қансейітов: «Сіздердің алдарыңыздағы ұрпақтық парызымызды біз ешқашан ұмытпаймыз. Қай кезде де алдыңғы сапта жүріп, бейбітшілік пен достықты, татулықты ұғындырып, өскелең ұрпаққа тәрбие беруде өлшеусіз үлес қосып келе жатқандарыңыз үшін алғысымызды, шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Ерліктеріңіз үшін басымызды иеміз», деді.
Оның айтуынша, бүгінгі күні аталмыш ауданда 3 661 ардагер тұрады. «Бүгін оның 110-ы келді. Денсаулығына, жастарының ұлғаюына байланысты, төсек тартып келе алмаған ардагерлеріміздің медальдарын үйлеріне апарып табыстайтын боламыз. Осы аптаның жұма күні, сағат 11.00-де Алмалы ауданындағы әр мектеп бірдей уақытта 120 ардагерді салтанатты жағдайда құттықтайтын болады», деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Манапхан Қансейітов.
«Осы күнге жеткеніме қуаныштымын. Әкімдікке де, Елбасына да, Үкіметке де бізге барлық жағдайды жасап жатқандарына алғысымыз шексіз. Арманым жоқ. Тек, еліміз әрқашан аман-есен болсын! Халқымызға татулық, бірлік, мол қуаныш, дәулет пен ырыс тілеймін! Жас ұрпақ, болашақ еліміздің туын көкке көтеріп, дамыған елдердің қатарына қосыла берсін!», деді бүгінгі салтанатты шараға келген Ұлы Отан соғысының ардагері Жармұхан Әжімұрат.