Алматыда 12 мың орындық Мұз сарайындағы кіші аренаның тұсауы кесілді (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындарына арналып салынып жатқан 12 мың орындық Мұз сарайының кіші аренасы мерзімінен бұрын қолданысқа берілді.
None
None

Оның ашылу рәсіміне қала әкімі Бауыржан Байбек, «Алматы қ. Халықаралық спорт жобалары дирекциясы» мемлекеттік қоры, осы спорт нысандарын салушы «Базис» құрылыс компаниясының өкілдері, танымал спорт жұлдыздары, БАҚ өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Көрермендер алдында, аренаға шыққан шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау спорт секцияларында жаттығатын жас спортшылар кішігірім музыкалық қойылым көрсетті. Содан соң, жиналған қауымға ұзындығы 25 метрлік бассейн таныстырылды. Онда синхронды жүзуден еліміздің ұлттық құрамасының қыздары кішігірім музыкалық бағдарламасын паш етті.

«Біз бүгін 12 мың орындық Мұз сарайының кіші аренасының және ұзындығы 25 метрлік бассейннің тұсауын кестік. Жалпы, Мұз сарайының құрылысы бойынша уақыт кестесінен 120 күн алда келеміз. Медеу ауданында салынып жатқан 3 мың орындық мұз аренасының құрылысы да уақыт кестесі бойынша жүргізіліп жатыр. Құдай қаласа, алдағы жылы бұл нысандарды тамыз айының соңында толығымен қолданысқа береміз. Қазір құрылыс жұмыстарына барынша жергілікті сапалы материалдар қолданып жатыр. Жалпы, жергілікті мазмұнның көлемі - 52-55 пайызды құрайды», - деді өз сөзінде Алматы қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Асқар Мапаев.

Айта кетелік, 12 мың орындық Мұз сарайы 2017 жылғы қысқы Универсиаданың ең үлкен және ең басты спорт нысаны болмақ. Мұнда Универсиаданың ашылу және жабылу рәсімі және мәнерлеп сырғанаудан жарыс өтеді. Ал 475 орындық кіші аренада қысқы Универсиада барысында керлингтен бәсеке өтеді деп күтілуде. Ал жарыстан басқа уақыттарда спортшылар бұл екі аренада жоғары деңгейде өздерінің оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұратын болады. Өйткені, мұнда мұз айдындарымен қоса, бокс, күрес, үстел теннисі, хореография, акробатика және екі тренажер залдары, медициналық оңалтау орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, бұл Мұз сарайы және Медеу ауданында салынып жатқан 3 мың орындық мұз аренасында волейбол, баскетбол, шағын футбол және басқа да спорттық жарыстарды, сондай-ақ кең көлемді мәдени шаралар өткізуге де болады.

Соңғы жаңалықтар