Алматыда 12 сквер абаттандырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгін қаладағы Жетісу ауданындағы абаттандыру жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 12 сквер абаттандырылды

«Жетісу ауданының аумағын абаттандыру жұмысымен таныстым. Қаланың бұл өнеркәсіптік бөлігіне демалуға, уақытты тиімді өткізуге арналған демалыс орыны мен қоғамдық кеңістік бұрыннан қажет болатын. Биыл мұнда ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Ауданның барлық ықшамаудандарында 12 сквер абаттандырылды. Оның үшеуі дайын, қалғаны қыркүйек айында тапсырылады», - деп жазды Бақытжан Сағынтаев Instagram -дағы парақшасында.


Оның айтуынаша, алты саябақтағы, соның ішінде «Айнабұлақ-1» мен «Айнабұлақ-2» ықшамауданындағы жөндеу жұмыстары «Бюджетке қатысу» жобасы аясында жүргізілуде. Яғни, демалыс орындарының қандай болатынын тұрғындар өздері белгілеп берді.

«Мұнда ыңғайлы орындықтар мен жолдар, балалар мен спорт алаңдары болады. Айта кетейік, ауданда биыл 25 шақырым жол мен тротуар жөнделеді. Бұл өткен жылдарға қарағанда бес есе көп. Аудан, әсіресе, оның тұрғындары жаңа өмірге аяқ басады», - деп жазды әкім.