Алматыда 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің мәселелері жөнінде семинар-кеңес өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда «12 жылдық білім беруге көшуге байланысты балаларға арналған қосымша білім берудің қазіргі жүйесі мен даму болашағы» атты республикалық семинар-кеңес өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шара қосымша білім беру ұйымдарының қызметтерінде кездесетін өзекті мәселелерді талқылау, балаларды қосымша оқыту, тәрбиелеу, шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту барысындағы маңызын анықтау, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге байланысты қосымша білім беруді дамыту бағыттарының жай-күйін талдау және болжау мақсатында өткізілуде.
«ХХІ ғасырда Қазақстанның білім беру жүйесіндегі жалпы және орта білім берумен қатар қосымша білім беру саласына 12 жылдық білім беру жүйесінің енгізілуі уақыт талабы екенін көрсетіп отыр. Қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық саяси құрылымының түпкілікті жаңаруына байланысты бірінші міндет халықтық білім жүйесінің тың тұжырымдамасын жасап, жаңаша талап қою керек екенін түсініп қалдық», дейді Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Әбдіғапар Жақсыбеков.
Шараға Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Білім беру жүйесінің педагог кадрлары біліктілігін арттыру және қайта даярлау республикалық институтының өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары қатысуда.