Алматыда 120 мыңға жуық егде жастағы адам вакцина алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 1755 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«10 қазан күні 1755 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін 814 , II компонентін 941 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 10 қазан аралығында қалада 967 298 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 896 069 адам екінші компонентін салдырған. Олардың ішінде 119 290 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.
Қалада 160 пункт жұмыс істеп тұр. 1 028 адамнан тұратын 237 егу бригадасы бар.
«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді» - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.