Алматыда 120 мыңға жуық сыртқы бейнебақылау камерасы істейді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полициясы қылмыстың алдын алу мақсатында IT-технологиялардың мүмкіндіктерін белсенді пайдалануда. Бүгінде қалада 120 мыңға жуық бейнебақылау камерасы бар. Олардың 90% бюджеттен тыс қаржыға орнатылған. Бұл туралы полицияның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, бейнекамералардың арқасында бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы азайған: пәтер тонау - 2,3 есе, автомобильдер ұрлығы - 2,9%, ұялы телефон ұрлығы - 48,1%, көлік айналарын ұрлау - 4,3 есе, қалта ұрлығы - 3,4 есе, көлік ішінен ұрлау - 13,5%, түсті және қара металды ұрлау 21,7%.

«Сонымен қатар, камераларда жазылған видеоны қолдану нәтижесінде соңғы үш жылда пәтер ұрлығы 2,9 есе төмендеді», - делінген хабарламада.
