Алматыда 13 жасар жасөспірім туған әкесін іздестіруде - ІІД
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 13 жасар жасөспірім туған әкесін іздестіруде. Бұл туралы бүгін Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Бостандық ауданы ІІБ ювеналды полициясының инспекторлары 13 жастағы Григорий Салийді К. Байсейітова көшесінің бойында орындықта ұйықтап жатқан жерінен тауып алыпты.
«Оятып, әңгімелескенімізде ол өзінің ауыр тағдыры жайлы айтып берді. Ол Алматыға Қапшағай қаласынан келіпті. Туған әкесін іздеп жүр екен. Оны көрмегелі 7 жыл болған. Айтуынша, әке-шешесі ажырасып кеткен. Бұған анасының ішімдікке салынып кетуі себеп болған көрінеді. Григорийдің өзі де осы себептен туған үйін тастап, Алматыға келген. Енді ол әкесімен бірге болғысы келетіндігін айтып отыр», - деді өз сөзінде Алматы қ. ІІД әкімшілік полициясы Басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы Лейлә Әліпбаева.
Григорийдің сөзіне қарағанда оның Алматыға келіп, далада түнеп жүргеніне бірнеше күннің жүзі болыпты. Мамасының оған әлі іздеу жарияламағанына сенімді. «Анамның менімен ісі жоқ», - дейді ол. Әзірге кәмелетке толмаған жас бала өз бетімен әкесін іздеп таба алмаған. Оның үстіне әкесі туралы жарытып ештеңе білмейді. Егер әкесі өзін ұлының іздеп жүргенін еститін болса, Григорийдің оған айтар сөзі дайын: «Әке, мен сізді іздеп жүрмін! Келіңізші өтінемін! Мен күтемін»!
Бостандық ауданының полиция қызметкерлері әзірге Григорийді кәмелетке толмаған балаларды оңалту орталығына орналастырып, әкесін іздестіруге кірісті. Дегенмен, тәртіп сақшылары бірінші кезекте жұртшылыққа үміт артуда. Егер Григорий Салийді танитын немесе оның әкесі жайлы білетін адамдар болатын болса, Алматы қаласындағы Кәмелетке толмаған балаларды оңалту орталығына хабарласуларын сұрайды.