Алматыда 1305 пәтер пайдалануға беріледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Биыл мегаполисте 68 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Оңалбаев мәлім етті, деп хабапрлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2022 жылы 16 тұрғын үйді, яғни 1305 пәтерді немесе 68 мың шаршы метр несиелік және жалдамалы пәтерлерді пайдалануға беру жоспарда. Сондай-ақ, жұмыс істейтін жастар үшін ауданы 42 000 шаршы метр 1050 пәтер сатып алуға қаражат қарастырылған», - дейді спикер.
Басқарма өкілінің айтуынша, құрылыс жұмыстарының көлемі артты. 7 айда 54 315,4 млн теңге игерілді.
«Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде коммерциялық тұрғын үй құрылысын ынталандыру үшін республикалық бюджет қаражатынан 150 көппәтерлі тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда. Нәтижесінде 7 912 пәтер салынады, оның жарты бөлігі (50%) Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдікпен іске асырылды»,- деді ол.
Сонымен қатар, ол құрылыс салушылар өз учаскелерінде мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер салуды көздеп отырғанын атап өтті.