11:37, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда 134-ші мемлекеттік балабақша ашылды
АЛМАТЫ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ –Бүгін Алматыдағы Жетісу-2 ықшам ауданында №160-шы жаңа балабақша пайдалануға берілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жаңа үлгі бойынша салынған 2 қабатты балабақша 120 балаға арналған. Жеке медициналық кабинет, асхана, музыка залы бар ғимараттың жалпы көлемі 1777 шаршы метрді құрайды.«Қалада соңғы 2 аптаның ішінде 3-ші балабақша ашылып отыр. Бұл соңғы 20 жылда болмаған құбылыс.Қазіргі кезде қалада 133 мемлекеттік балабақша бар. Бұл 134-ші мектепке дейінгі білім беру орны. Жалпы жекеменшіктерді қосқанда балабақшалар саны 160-тан асады. Қазіргі таңда тағы да 4 балабақша салынып жатыр. Алдағы аптада тағы бір балабақша пайдалануға беріледі», деді балабақшаның ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов.Әуезов ауданының әкімі Әділ Несіпбаевтың айтуынша, бұл аудан аумағында соңғы 25 жылдан бері алғаш ашылып отырған балабақша. «Биыл ауданда бірнеше балабақша ашылғалы отыр. Алдағы аптада тағы бір мемлекеттік балабақша ашылса, биыл жекеменшік 2 балабақша пайдалануға беріледі», дейді аудан әкімі.