Алматыда 14 полицейдің жемқорлыққа жол бергені анықталды – Қанат Таймерденов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов тәртіп сақшылары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ия, өкінішке қарай бізде жемқорлық әрекеттері кездеседі. Бізде осы кезеңде ведомстваның 14 қызметкері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін ұсталды. Олардың басым бөлігін өзіміздің ішкі қауіпсіздік бөлімі анықтады. Біз ештеңе жасырмаймыз және сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез-келген құқық бұзушылыққа қарсымыз. онымен ашық түрде күресеміз», - дейді ол.
Сонымен қатар, Полиция департаментінің басшысы мегополистегі барлық полиция басқармаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.
«Бізде өзіміз құратын тәуекел топтары бар, солардың әрқайсысына тексеру жүргіземіз. Ия, фактілер бар, біз мұны ашық жариялаймыз. Қазір олар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өткен жылмен салыстырғанда, әрине, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың азайғаны байқалады, бірақ біз мұны түбегейлі жойғымыз келеді», - деп қорытындылады Қанат Таймерденов.