Алматыда 15 минутта үй тонаған бір топ ұры ізі суымай ұсталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда үйді тонап 2,1 млн теңгенің бұйымын қолды еткен ұрылар ізі суымай жатып ұсталды. Бұл туралы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Күдіктілер Достық шағын ауданындағы үйлердің бірін тапа-тал түсте тонап кеткен.
«Олар ойлағандарын небәрі 10-15 минутта іске асырған. Байлаулы қабаған иттің көзіне «ащы» баллон шашқан. Үйден алтын, ұялы телефон, планшет, тапанша, коллекциялық монеталарды алып шыққан, олардың жалпы құны 2 млн 100 мың теңге тұрады», - деді қалалық ІІД криминалды полиция басқармасының басшысы Жанболат Зиадин.
Алайда, оңай олжаны діттегендер ізі суымай жатып ұсталды. «Арлан» арнайы жасағының жасағы мен тергеушілер олардың көлігінен жоғалған бұйымдар мен 2 пышақ, бірнеше бұрыш газды баллонды тапты.
Күдіктілердің барлығы ШҚО-ның Тарбағатай ауданының тумалары болып шықты. Олардың біріне ұрлық жасағаны үшін Семей ІІБ іздестіру жариялаған белгілі болды.
Қазір ұсталғандардың өзге де қылмысқа қатыстылығы тексеріліп жатыр.