Алматыда 15 мың орындық жаңа спорт сарайы салынады
АЛМАТЫ. 25 маусым. ҚазАқпарат - Алматыда жаңадан ашылатын спорт сарайы Алатау ауданында салынады. Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін құттықтаған кезде айтты.
«Момышұлы даңғылын созу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонда бос аймақ бар. Оған халыққа қызмет көрсету орталығы мен киноконцерт залы салынып жатыр. Өйткені қаладағы мәдени нысандар шаһардың орталық бөлігінде орналасқан. Енді 2017 жылғы қысқы универсиадаға орай 15 мың орындық спорт сарайы, 2 сырғанау алаңы салынбақ. Қазір спорт сарайының орны анықталып, техникалық экономикалық негіздемесі жасалып жатыр», - дейді А. Есімов. Қала әкімінің айтуынша, онда сондай-ақ жаңа студенттер қалашығы да бой көтермек. Универсиада ойындарынан кейін ол жатақхана болады. Өйткені қалада жатақхана жетіспейді.