Алматыда 15 өрт сөндіру депосы жетіспейді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қала әкімі Ерболат Досаев жаңа өрт сөндіру депосының құрылысымен танысып, құтқарушылардың түрлі төтенше жағдайларға дайындық деңгейін бағалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі уақытта мегаполистің өртке қарсы қауіпсіздігін тек 19 өрт сөндіру бөлімшесі қамтамасыз етеді. Нормаларға сәйкес бір өрт сөндіру депосының қызмет көрсету радиусы 3 шақырымнан аспауы тиіс. Қаланың өсуі, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның дамуы, көлік жүктемесі және халық санының ұлғаюы ескерілген жағдайда, Алматыда бүгінде 15 өрт сөндіру депосы жетіспейді. Өрт сөндіру бөлімшелерінің тапшылығы құтқарушылардың төтенше жағдай орнына келу уақытына тікелей әсер етеді.


Жұмыс сапары барысында қала басшысына Бостандық ауданы «Нұр-Алатау» шағын ауданында салынып жатқан өрт сөндіру депосы таныстырылды. Депо «Қазақфильм», «Алатау», «Нұр-Алатау», «Ерменсай», «Көкшоқы» шағын аудан тұрғындары мен 94 кәсіпорынды өрттен қорғаумен қамтамасыз етеді және өрт орнына келу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Ерболат Досаев инженерлік желілерді жүргізу мәселелерін жедел шешіп, осы жылдың желтоқсан айында нысанды пайдалануға беруді тапсырды.
Алдағы жылдары Түрксіб, Бостандық, Наурызбай аудандарында тағы үш өрт сөндіру депосын салу жоспарда.

Бүгінде Алматы өрт сөндірушілерінің қарамағында 183 машина бар, оның ішінде өрт сөндіру автоцистерналары, өрт сөндіру-құтқару автомобильдері, мотоциклдер және тағы басқалары. Қала басшысы материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту және құтқарушылардың жылдамдығын арттыру мақсатында қосымша 10 автокөлік сатып алуға қаражат бөлуді тапсырды. Ерболат Досаев биік ғимараттардың жоғарғы қабаттарында құтқару операцияларын жүргізу үшін телескопиялық көтергіштері бар үш машинаны сатып алу рәсімін жеделдетуді міндеттеді. Қазіргі уақытта Алматыда осындай небәрі үш автомобиль ғана бар.

Алматы әкімі ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» мамандарының материалдық-техникалық жабдықталуымен де танысты. Арнайы қызметке өз ғимараты қажет. Ерболат Досаев қолайлы учаскені таңдағаннан кейін қажетті объектінің құрылысына қаражат бөлуге дайын екендігін білдірді. Материалдық жарақтандыруды жақсарту барысында Алматы әкімі медициналық қалдықтарды тазарту үшін қосымша 5 пневматикалық жабдық сатып алуды тапсырды.

Алматы әкімі жер сілкінісі туралы ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесін іске асыру жобасымен танысты. Жоба 28 сейсмостанция салуды көздейді, оның 11-і өткен жылы пайдалануға берілді, қалған 17-сі осы жылы іске қосылады. Ескерту жүйесі мамыр айында «Дармен» мобильді қосымшасына енгізіледі, ол халықты сейсмикалық қауіп-қатер, дауылды гидрометеорологиялық құбылыстар туралы уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді.
Қала басшысы жер сілкінісі туралы деректермен алмасу үшін Қырғызстан қызметтерімен белсенді ынтымақтастықта жұмыс жасауды тапсырды. Кездесу барысында қаланың 1 100 камерасынан бейнені шығаруға қабілетті және өрттерді анықтауға және қызметтерге жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін видеомониторинг жүйесі көрсетілді.

Алматы әкімі Алатау ауданындағы №31 бөбекжай базасында ықтимал төтенше жағдай кезінде халықты жинау пункттерінің бірінің жұмысымен танысты. Онда төтенше жағдай кезінде зардап шеккен халықты уақытша орналастыру үшін палаталы қалашық орналастырылған.
Ерболат Досаев тұрғындарды қабылдауды қамтамасыз ету қосымша жарақтандыруды талап ететінін атап өтті: халықты жинау пунктерін материалдық қамтамасыз ету бойынша нақты стандарттарды енгізу, оның ішінде күзгі-қысқы ауа райы жағдайларына бейімделген палаткаларды сатып алу қажет.

Ерболат Досаев Алатау ауданындағы азаматтық қорғаныс құрылыстарының біріне барды. Шамамен 50 жыл бұрын салынған қорғану орны 150 адамға арналған. Стратегиялық маңызды объект апатты жағдайда және паналанушыларды қабылдауға дайын емес.
Аралау қорытындысы бойынша Ерболат Досаев аудан әкімдігі мемлекеттік активтер басқармасымен бірлесіп бір ай мерзімде қорғаныс құрылыстарын коммуналдық меншікке қайтару жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, қала басшысы ықтимал төтенше жағдайларда халықты тіркеу және қабылдау бойынша бірыңғай стандарттарды әзірлеуді және барлық коммуналдық қызметтердің дайындығын тексеру үшін 2023 жылдың күзінде толық көлемді оқу-жаттығулар өткізуді тапсырды.

