Алматыда 15 шақырымдық жылу, 33 шақырымдық су желісі салынды
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Серік Құсайынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баспасөз мәслихатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Ербол Шормановтың айтуынша, жылу желілерін қайта жасауға 5 068 миллион теңге бөлінбек. Жалпы биылғы жылы бұлардан бөлек «Жол картасы» аясында су бойынша 5, жылу бойынша 9 жоба жүзеге асырылады. Бұнымен қатар жалпы ұзындығы 15 шақырым болатын жаңа жылу, 33 шақырым су желілері салынды.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, үлкен үнем жасауға мүмкіндік беретін жылу мен су құбырларын ауыстыру мен күрделі жөндеу тоқтатылмайды. Мәселен, күрделі жөндеу бойынша былтырғы жылы жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесінде қаланың су желілерінде судың ысырап болуы 28 пайызға, жылу желілерінде 12 пайызға азайған.
«Жылу құбырларын жөндеу, қаланы жылумен қамту басты бағыттағы жұмыстардың бірі. Осы ретте алдағы қыс маусымына қазірдің өзінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы жылу күшін ұлғайту мақсатында ЖЭС- 1-де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ЖЭС -2 мен ЖЭС-1 жылу орталықтарын қосатын құрылыс магистралі жүзеге асады. Бұл қаланың орталық бөлігіне жылудың дұрыс берілуін қамтамасыз етеді. Оған қазынадан 2 468 миллон теңге бөлінді», дейді Ербол Шорманов.