Алматыда 16 мыңнан астам жасөспірім Pfizer вакцинасын алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бір тәулікте 3340 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«14 желтоқсан күні 3340 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін – 1277, II компонентін – 2063 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 14 желтоқсан аралығында қалада 1 036 979 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 995 453 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 122 922 адамның жасы 60-тан асқан»,- деп хабарлады басқармадан.
Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 22 411 адам салдырды. Оның ішінде 1300 жүкті әйел, 4501 бала емізетін ана және 16 610 жасөспірім бар.
Қалада 132 пункт жұмыс істеп тұр. 756 адамнан тұратын 201 егу бригадасы бар.
«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.