Алматыда 16 жыл бұрын екі адамды өлтірген қылмыскер ұсталды
АЛМАТЫ. 11 сәуір. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Осыдан 16 жыл бұрын алматылық кәсіпкерді жұбайымен өлтірген қылмыстық топтың соңғы мүшесі қолға түсті.
Естеріңізге сала кетейік, 1995 жылы үш қарақшы жас кәсіпкердің үйіне шабуыл жасап, үлкен көлемдегі ақшаны олжалаумен қатар, кәсіпкерді жұбайымен өлтіріп кеткен. «Қылмыс аса қатігездікпен жасалған. Қылмыскерлер кәсіпкердің әйелінің екіқабат болғанына қарамастан, бірнеше жерінен пышақтаған. Сонымен қатар пәтерден 10 мың АҚШ доллары, алтын бұйымдар ұрланған. Қылмыс жасалған уақыттан бір апта өтпей жатып қылмыскерлердің екеуі қолға түскен болатын. Олар 15 жылға бас бостандағынан айырылып, тағы біреуіне халықаралық іздеу жарияланған болатын»,-дейді Алматы қалалық ІІД-нің криминалдық полиция басқармасының бастығы Вадим Стрельцов.
16 жылдық іздестіруден кейін 34 жастағы Александрдың Ресей Федерациясының Ленинград облысы Выборг қаласында тұрып жатқандығы анықталған. Қылмыскер 2-3 апта сайын тұрғылықты жерін ауыстырып, жалған төлқұжатпен жүрген. «Өзін полиция іздестіретінін біліп, аса сақ болған. Ешкіммен сөйлеспеген, байланыс құралдарын пайдаланбаған. Ұстау кезінде қарсылық көрсетуге талпынды, алайда ұсталып, ары қарай тексеру жүргізу үшін Алматыға әкелінді»,-дейді В.Стрельцов. Қазіргі кезде Александр уақытша оқшаулау изоляторына қамалып, тексеру жүргізілуде.