Алматыда 160 учаскеде қар көшкінінен қауіп бар

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы халқымен кездесу барысында Юрий Ильин азаматтарды таулы жерде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, алматылықтар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі - Медеу мен Шымбұлақ. Алайда, рұқсат етілген жерлерден тыс жерлерде шаңғымен және сноубордпен жиі жүру қар көшкінін туғызады.

«Жыл басында қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан таулы жерде бір адам зардап шекті, екеуі қайтыс болды. Алматы аймағы бойынша көшкін қаупі бар 160 учаске белгіленген, оның 18-і өте қауіпті»,- деді Юрий Ильин.

Спикердің сөзінше,биыл көшкінді алдын ала түсіру жұмыстары 26 рет жүргізілді.

25 ақпараттық стенд орнатылды, Медеу-Шымбұлақ баурайында төрт жүзден астам қар ұстайтын қалқан тұрғызылды.

Осыған қарамастан, олардың саны әлі де жеткіліксіз.

«Мен жергілікті атқарушы органдарға қыс маусымы басталар алдында көшкіннен қорғау құрылыстарын қосымша орнату қажеттігін айтқым келеді. Қазір халық арасында жаяу туризм өте танымал, әсіресе, Үлкен Алматы, Бутаковка, Көкжайлау шатқалы. Көбінесе, жаяу туристер тауға дайын емес және маршруты жазылған парақтарсыз кетіп, төтенше жағдайға тап болып жатады», - деп атап өтті министр.

Юрий Ильин осы жылдың өзінде республикалық жедел-құтқару жасағы 140-тан астам мәрте көмекке барғанын, оның ішінде тауда іздеу жұмыстарына 22 рет шыққанын айтты.

Нәтижесінде 42 адам, оның ішінде 15 бала құтқарылды, таулы жерде - 17 адам, үш бала.

«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Министрлік туристік қызмет көрсететін ұйымдардың аумақтық бөлімшелерін баратын объектілеріне қарамастан туристер мен туристік топтардың маршруттары, яғни таулы жер, су орындары және басқалары туралы міндетті түрде ақпараттандыруға бастамашы болды. Аталған заң жобасы мемлекеттік органдарға келісуге жолданды»,- дейді ол.

Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин Алматы қаласының тұрғындарына қауіпті жерлерде орнатылған тыйым салынған белгілерді назардан тыс қалдырмай, сақтық шараларын есте ұстау жөнінде кеңес берді.



Соңғы жаңалықтар