Алматыда 1607 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы онлайн форматта өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Отырысқа қалалық прокуратура, Полиция қызметкерлері мен аудандық білім бөлімдерінің басшылары қатысты.

Отырыста бірінші тоқсанның жұмыс нәтижелері, суицидтің, ерте жүктіліктің, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың, кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың алдын алу және ескерту бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ балаларды жұмыспен қамту, әсіресе пандемияны ескере отырып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлқының және ерте жүктілігінің алдын алу және ескерту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамасы тыңдалды. Суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мақсатында «тәуекел тобына» кіретін кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізіледі, олармен психологиялық-түзету жұмыстарының жеке жоспарларына сәйкес жұмыс жүргізіледі. Мектеп психологтары үшін біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады. 2020 жылы мұндай курстарды 153 психолог оқыды. Биылдан бастап тұлғаны дамытудың республикалық орталығы базасында 365 психологтың барлығы кезең кезеңмен оқитын болады.

Өз кезегінде Алматы қаласы прокуратура өкілдері «тәуекел тобындағы» балаларды талдау және іріктеу жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ықтимал суицидтік мінез-құлық тәуекелі анықталатын, алдын алу шаралары түзетілетін тест тапсырмаларының базасын жаңарту бойынша ұсыныстар айтты.

Алматының Қоғамдық денсаулық басқармасының жәрдем станциясынан келіп түскен шұғыл мәліметтерді талдау, суидцидқа бейім жандарға мониторинг жүргізеді. Дағдарыс жағдайлары орын алғанда Алматы қаласының бірыңғай Сall-орталығымен біріктірілген 376-56-60, 116-16 нөмірлері бойынша сенім телефоны жұмыс істейді. Жыл басынан бері сенім телефонына Алматы қаласының тұрғындарынан 1034 қоңырау келіп түсті.

Жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын алу мақсатында «Кәсіби психологиялық лига» ҚБ-мен бірге жоғары сынып оқушылары үшін семинар-тренингтер өткізіледі. Адам репродукциясы қалалық орталығында жастар денсаулық орталықтары жұмыс жасайды. Мұндағы мамандар жастардың денсаулығын сақтау мәселелері бойынша жұмыс істейді. Түсіндіру жұмыстары аясында суидцидтің алдын алу бойынша 16 дәріс оқылды. Ол 1678 адамды қамтыды, олардың ішінде кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс істейтін психологтар, полиция қызметкерлері, кәмелетке толмағандармен тығыз қарым-қатынас жасайтын мектеп және колледж қызметкерлері бар.

Алматының ювеналды полициясы 2021 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша мәліметтер ұсынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматы қаласында жасөспірімдер қылмысы 36%-ға, оның ішінде ауыр қылмыс түрлері 16,6%-ға төмендеді. Бұл ретте қылмыстың 52,6%-ын сырттан келген жасөспірімдер жасаған. Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 24,3%-ға азайды.

Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және заңды өкілдерінің алып жүруінсіз тұрғын үй-жайлардан тыс жерлерде болғаны үшін 1607 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сағат 22.00-ден кейін кәмелетке толмағандарды заңды өкілдерінің алып жүруінсіз ойын-сауық мекемелеріне кіргізгені үшін ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша ойын-сауық мекемелерінің 42 лауазымды адамы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кәмелетке толмағандарға темекі сатқаны үшін ӘҚБтК 423-бабы бойынша 21, алкоголь өнімдерін сатқаны үшін ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша 31 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін 15 адамға ата-ана құқықтарынан айыру түрінде соңғы шара қолданылды, 115 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ержан Бабақұмаров кәмелетке толмағандардың өмірі мен құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстағы өзекті мәселелерді атап өтіп, жетекшілік ететін басқармалар тарапынан жұмысты күшейтуді тапсырды.

Комиссия жанынан кәмелетке толмағандардың құқығын қолдау және оларға дер кезінде мән беретін жедел штаб құрылады. Оның құрамына қалалық құрылымдардың басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, құқық органдарының және ҮЕҰ өкілдері енеді.

Аудандық білім бөлімдеріне және білім беру мекемелерінің басшылығына онлайн оқудағы оқушыларды бақылау тәсілін қайта қарау тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар