Алматыда 178 тыйым салынған заңсыз ойын бизнесінің ошағы жойылды

Қазіргі таңда ІІД-нің арнайы сақтау қоймасында сот шешімінен кейін жойылуға тиіс тағы 3 мыңнан астам ойын автоматы сақтаулы тұр.
Жалпы жыл басынан бері тәжірибелі жедел уәкілдерден жасақталған арнайы топ 178 заңсыз ойын ошақтарының жолын кесіп, мыңнан аса ойын аппараттарын тәркілеген болатын. Алматы қаласы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Самутдин Әбдіқайымовтың айтуынша, «Ойын бизнесі туралы» заңның күшіне енгеніне қарамастан Алматы қаласында әлі күнге дейін жасырын ойынханалар жұмысы астыртын жалғасуда. Қапшағай мен Щучье қалаларында ғана ойнауға рұқсат етілген үкіметтің тілек-талаптарына бой ұсынбаған кейбір кәсіпкерлер онда жүлдеге ұялы байланыс карточкаларын, ұтыс билеттерін, жанармай талондарын тағайындап келген. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген салық заңнамаларына сәйкес, ойын ошақтарындағы клиенттерге заттай немесе басқа да мүліктік қажеттіліктерді сыйақы ретінде ұтып алуға толығымен тыйым салынды.
«Тәркіленген заңсыз ойын аппараттарын жою акциясы заңсыз ойын бизнесімен айналысатындарға үлкен сабақ болатынына сенімдіміз. Әрбір ойын автоматының құны бүгінгі таңда 5-10 мың АҚШ доллары арасында бағаланады. Рейд кезінде тәркіленген барлық ойын аппараттары екінші рет қайта қолданбау үшін толығымен жойылып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған тұлғалар қатаң жауапкершілікке тартылады. Осы орайда, біз қала тұрғындарынан заңсыз ойын бизнесінің куәсі болған жағдайда Алматы қаласы ІІД-нің мына сенім телефондарына (263-36-36; 263-38-38; 254-40-41) хабарласуын сұраймыз», - дейді полковник С. Әбдіқайымов. Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері қала полицейлері заңсыз айналымнан 1 мыңнан аса ойын аппараттарын, 1 электрондық рулетка, 1 «орыс рулеткасының» үстелін, 19 покер ойыны үстелін, 840 660 теңге ақшалай қаражат, сондай-ақ, 1 мың 100 АҚШ долларын тәркіледі. Сонымен қатар заңсыз айналымнан 17 937 арнайы фишкалар, 21 покер-купондар, 1 электронды кілт алынды.