Алматыда 1918-1938 жылдардағы Қазақстанның әлеуметтік-мәдени даму ерекшеліктеріне арналған ғылыми конференция өтті
АЛМАТЫ. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Таңжарық Ілиясұлы / - Бүгін Алматыда көрнекті мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың 110 жылдығына орай «1918-1938 жылдардағы Қазақстанның әлеуметтік-мәдени даму ерекшеліктері» атты ғылыми конференция өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Шараны ҚР Ұлттық кітапханасы ұйымдастырды. Конференция барысында Ұлттық кітапхананың тұңғыш директоры болған О. Жандосовтан бастап осы күнге дейінгі директорлардың портреттері ілінген ескерткіш тақта ашылды. Мәслихатқа Олжас Сүлейменов бастаған бір топ қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, ұлы тұлғаның ұрпақтары қатысты. Отырыс барысында О.Жандосовтың Қазақстанның қоғамдық-саяси, мәдени және ғылыми өміріндегі қызметін талдау және Қазақстандағы кітапхана ісіне қатысты ғылыми зерттеу жұмыстарының тәжірибесін саралау сөз болды. «О.Жандосов өзінің қысқа ғұмырында қазақ халқының саяси және әлеуметтік мүддесі үшін күресіп, мәдени, оқу-ағарту ісіне үлкен үлес қосты. Верный қаласын Алматы атауына ауыстыруға да елеулі ықпал еткен болатын. Ұлттық кітапхананың тұңғыш директоры болған шағында ұлттық рухани орда ретінде қалыптасуына көп күш жұмсады. Сондықтан көрнекті тұлғаның 110 жылдық мерейтойын атап өту өте орынды», - деді мәслихатта сөз алған О.Сүлейменов.