Алматыда 2 бала терезеден құлап кеткен

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері 2 бала терезеден құлаған. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы, полковник Тұрысбек Сартаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 2 бала терезеден құлап кеткен

«Жыл сайын жаз маусымында статистика қайғылы оқиғамен басталады. Себебі, балалар биік қабаттардағы ашық тұрған терезеден құлап кетеді. Наурыз айынан бастап Алматы қаласында 112 желісі бойынша осындай 2 оқиға тіркелді, бір бала оқиға орнында мерт болды. Жұмалиев көшесінде орналасқан 5 қабатты үйдің 4-қабатының терезесінен 3 жастағы ұл бала құлап кеткен. Ол кезде ата-анасы үйде болған. Ауыр жарақат алған бала шұғыл көмек көрсету орталығына жеткізілді. Дәрігерлердің көмегінің арқасында 10 күннен соң бала жазылып, ауруханадан шықты», - деді Тұрысбек Сартаев.

Ал Жасқанат шағынауданында 9 қабатты үйдің 6-қабатынан құлаған бала оқиға орнында көз жұмды.

«22 наурыз мереке күні Түрксіб ауданы Жас Қанат ықшам ауданындағы 9 қабатты үйдің 6-қабатынан үлкендердің қарауынсыз ас үйде ойнап отырған қыз бала терезеден құлап түсті. 18 маусымда 4 жасқа толар еді. Бала жедел медициналық жәрдем келгенге дейін қайтыс болды»,- деді полковник.

ТЖД өкілі айналаға қызығушылығы басым 5 жасқа дейінгі балалардың жиі құлайтынын айтты.

Осы жағдайларға байланысты Алматы ТЖД ата-аналар мынадай ережелерді есте сақтауы керектігін айтады:

- егер терезе 12,5 см артық ашық болса, балаңыз терезеден құлап кетуі мүмкін;

- терезенің кең ашылуына мүмкіндік бермейтін құлып орнатыңыз;

- балаларға терезеден алыс ойнауды үйретіңіз;

- балаларды үнемі бақылауда ұстау керек;

- терезеге орнатылған москитті торлар балалардың құлауына кедергі бола алмайды;

- терезені ашуға мүмкіндік бермейтін шектеулер қойыңыз.