Алматыда 2 жылда индустрияландыру картасына енген 223 млрд. теңгенің 13 жобасы іске қосылды - Ербол Шорманов

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ербол Шорманов кеше Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевке Алматыдан индустрияландыру картасына енгізуге ұсынылған жаңа жобалармен танысу кезінде айтты.
«2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға алғашқыда Алматыдан индустрияландыру картасына 258 миллиард теңгенің 28 жобасы енген болатын. Бұл жаңадан 5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 2010 жылы 52 миллиард теңгенің 4 жобасы, ал былтыр 171 миллиард теңгенің 9 жобасы аяқталды», - деді Ербол Әлімқұлұлы. Оның айтуынша, 2012 жылы алғашқы жартыжылдықта 1,1 миллиард теңгенің 3 жобасы іске қосылады. Олар құбыр изоляциялау зауытының 614 миллион теңгелік, «Альфа пласт» кәсіпорнын кеңейту жөніндегі 45 миллион теңгенің және «Зета» компаниясының жиһаз шығаруға арналған 500 миллион теңгелік жобалары. Енді екінші жартыжылдықта 17 миллиард 260 миллион теңгенің тағы 5 жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Олар - «GEGA» ЖШС-нің 15 миллиард 450 миллион азық-түлік лигистикалық орталығын құру жөніндегі; «DOSFARM» ЖШС-нің 200 миллион теңгелік өндірісті жаңарту және GMP Халықаралық сапа стандартын енгізу туралы; «Билнекс»ЖШС-нің 91 миллион теңгелікжиһаз өндірісін ұйымдастыруға арналған; «Оргтехстром» ЖШСнің 1 миллиард 234 миллион теңгелік 1СС, АА, СС-TVL-M үлгісіндегі және сұйық жүк таситын контейнерлер шығару туралы және «Казстройстекло»ЖШС-нің 319 миллион теңгелік әйнекті өнеркәсіптік өңдеу зауытының құрылысы жөніндегі жобалары. Ал индустрияландыру картасына енген 15 миллиард теңгенің қалған 7 жобасы 2013-2014 жылдары іске қосылмақ.